Полицейлердің мәліметі бойынша ер адам жергілікті тұрғындарға жиһаз жасап беремін деген желеумен алдын ала ақшасын алып кейін із-түссіз жоғалып кетіп отырған. Қазіргі кезде күдіктінің оннан астам қылмысы дәлелденіп отыр.
«Күдікті жиһаз жасап, құрастыратыны туралы танымал сайттарға жарнамалап отырған. Оның осындай алаяқтық жолмен ақша тауып отырғанына бір жылға жуық уақыт болған. Күдікті жеке кәсіпкердің мөрі басылған есеп айрысу құжаттарын (жабылып қалған ЖК құжаттары мен мөрі) ұсынғанына байланысты зардап шеккендер бірден полицияға хабарламаған. Тіпті кейбір адамдардан алдын ала төлем ретінде жүз мыңға жуық ақша алған.
Полицейлер 13 адамның күдіктінің арбауына түсіп, сан соғып қалғанын анықтап отыр. Қазіргі кезде күдіктінің үстінен алаяқтық бойынша ҚР ҚК 190 бабының 2 бөлімі бойынша сотқа дейінгі өндірістік іс қозғалды. Аталған санкция бойынша күдікті 4000 АЕК айыппұл төлеуі немесе 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деп көрсетілген хабарламада.