Көкшетауда Жаңа жылды тойлауға 55,4 млн теңге бөлінеді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Биыл Көкшетауда алғаш рет негізгі жаңажылдық шаралар «Жаңа жағалау» және «Көк шалғын» қоғамдық кеңістіктерінде өтеді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, 2025 жылы облыс орталығында жаңажылдық безендіруге және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға 55,4 млн теңге қарастырылған.
Бұл қаражат тек қаланың қоғамдық кеңістіктерін безендіруге және жалпы қалалық шараларды өткізуге бағытталады.
«Биыл алғаш рет негізгі мерекелік оқиғалар жаңа қоғамдық кеңістіктер — „Жаңа жағалау“ мен „Көк шалғын“ алаңдарында өтеді. Сондай-ақ Абылай хан алаңы мен басқа да қалалық аумақтарда мерекелік аймақтар әзірленеді. Жаңажылдық шыршалар, жарық инсталляциялар, мұз мүсіндері және шағын архитектуралық формалар орнатылады. Барлық безендіру жұмыстарында қаланың бекітілген дизайн-коды негізге алынады», — деп хабарлады ведомство.
Ал қала әкімі кәсіпкерлердің де мерекелік атмосфера қалыптастыруға атсалысуы қажет екенін атап өтіп, бизнес өкілдерін өз нысандарын жаңажылдық стильде безендіруге шақырды.
Биыл бас шыршаны жағу рәсімі 19 желтоқсанда «Жаңа жағалау» алаңында болады. Ал 31 желтоқсанда осы жерде негізгі мерекелік бағдарлама мен фейерверк ұйымдастырылады.
Мерекелер кезінде қаланың коммуналдық және қауіпсіздік қызметтері үйлестіру, техникалық қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын жүзеге асырады.
Айта кетейік, мұз астына құлап кеткен үш баланы құтқарған Көкшетау тұрғыны мемлекеттік марапатқа ұсынылады.