Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында ұйымдастырылған бұл жолғы жəрмеңкеге Ақкөл, Атбасар, Бурабай, Зеренді, Біржан сал, Сандықтау, Шортанды, Целиноград аудандарының және Көкшетау қаласының, сондай-ақ «КОКЅНЕ» ӘКК ҰК» акционерлік қоғамының ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерi қатысты.
Жәрмеңкені аралап көрген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев аудандардан келген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен, сондай-ақ тұтынушылармен пікірлесіп, тұрғындар көңілінен шығатын осындай шаралардың алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып тұратындағын айтты.
«Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, бүгін облыс орталығына келген барлық аудандардың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге алғыс айтуымыз керек. Бұл – биылғы жылдың алғашқы жәрмеңкесі. Тоқсан алты ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 20 тоннадан астам ет, 5 тоннадан астам сүт, жарты миллионға жуық жұмыртқа тәрізді көптеген өнімдерді әкелді. Бағаларын өздеріңіз көріп отырғандай, нарық пен сауда желілеріне қарағанда 10-15 пайызға төмен», - деді аймақ басшысы басшысы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жәрмеңкеге барлығы 69,6 миллион теңгеге 70 тоннадан астам өнім әкелінген.
«Қала тұрғындары мен қонақтарына жергілікті өндірушілердің 40-тан астам азық-түлік түрі, оның ішінде ет, ұн, сүт өнімдері мен балық, жұмыртқа, қант, күнбағыс майы нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан ұсынылды», - деді ведомстводан.
Күннің ызғарына қарамастан, Рамазан айы мен Пасха мерекесі болған соң ба, жәрмеңкеге келген халықтың қарасы қалың болды. Ауылдық жердің сапалы тауарын таңдап алып жүргендер көп. Жаңа сойылған, семіз қой етін түгел арқалап бара жатқандар да болды.
«Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне үнемі келемін. Бір жағынан ұтымды сауда жасасақ, екінші жағынан концерт тамашалап, ән-күй тыңдап қайтамыз. Мұндағы көңіл-күй қатты ұнайды. Алдағы уақытта да осындай жәрмеңке жиі ұйымдастырылып тұрса екен», - дейді қала тұрғыны Береке Жәниенов.
Сонымен бірге, жәрмеңкеде Ақмола облысының үздік көркемөнерпаз ұжымдары концерттік бағдарламасын ұсынды.