Көкшетауда жартылай марафоннан кейін әйел көз жұмды

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Көкшетауда өткен жартылай марафон кезінде 5 шақырымдық қашықтықта бір қатысушы әйел өзін жайсыз сезініп, ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Көкшетау шамдары» атты жартылай марафон кезінде 2025 жылғы 23 тамыз күні сағат 21:50–де Сағдиев/Жағалау көшелерінің қиылысында, 4-ші шақырымда 35 жастағы әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Ол 5 шақырымдық қашықтықты жүгіріп келе жатқан.

— Ұйымдастырушылар регламентке сәйкес әрекет етті: медицина қызметі, жедел жәрдем және полиция жедел әрі уақтылы жұмыс істеді. Дәрігерлер келгенге дейін зардап шеккен қатысушыға облыстық аурухананың реаниматолог-дәрігері Индира Сарыбаева мен спорт мектебінің медицина қызметкері Рустам Құлтаев алғашқы көмек көрсетіп, дереу реанимациялық шараларды бастаған, — делінген басқарма хабарламасында.

Жедел жәрдем бригадасы (реанимобиль) келген соң бір минут ішінде әйелдің талмасы ұстап, жүрек соғысы тоқтап қалған. Оған шұғыл көмек көрсетіліп, көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізілді.

Ауруханада да жүрек соғысы қайта тоқтап, науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. 24 тамыз күні таңғы сағат 05:45–те әйелдің биологиялық өлімі тіркелген.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, оның өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болып, жақындарына хабарланатын болады.

—  Марафонға тіркелу кезінде барлық қатысушы өздерінің жарысқа физикалық тұрғыдан дайын екенін және денсаулығына толық жауапты екенін растайтын қолхатқа қол қояды. Бұл — әлемдік тәжірибеде осындай марафондарда қабылданған талап. Марафон басталған күні үш нүктеде медициналық қызметкерлер алғашқы көмек көрсетуге дайын тұрды. Жүгіру бағыттары полиция және жедел жәрдем қызметімен алдын ала мұқият пысықталды, — деп толықтырды басқарма өкілдері.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын және тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Айта кетелік Астанадағы марафонға 5 мыңға жуық адам қатысқан еді.