Онлайн режимде өткен байқауда Алматы, Қостанай, Қарағанды, Түркістан, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар қалаларынан жас ақындар бейнеконференция арқылы төрешілерге өлең-жырларын арнады. Байқауға танымал ақын, халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық әдеби байқаулардың жеңімпазы Бауыржан Қарагөзұлы, филология ғылымдарының докторы Сәбит Жәмбек, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлден Қажыбаева төрелік етті.
«Бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты ғасырлар бойы мұра болып келген халқымыздың салт-дәстүрі мен өнерін сақтап, келешек ұрпаққа насихаттау», - деді құттықтау сөз сөйлеген Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова.
Байқау қорытындысы бойынша, гран-при жүлдесіне көкшетаулық Мұхаммед Қонқаев ие болса, бірінші орын павлодарлық Бауыржан Рамазан, екінші орын қостанайлық Дәулет Жадырасын және үшінші талдықорғандық Өмірбай Бейбарыс-Сұлтан жеңіп алды. Барлық қатысушыға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар үлестірілді.