Көкшетауда жасөспірімдерге ішімдік сатқан дүкен иелері жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Көкшетауда кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан дүкен иелеріне айыппұл салынып, лицензиясы тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жасөспірімдер қылмысының алдын алу шаралары жалғасып жатыр. Осы ретте Көкшетауда учаскелік инспекторлар алкогольді заңсыз сату фактілерін анықтаған.

— Пайда табуды көздеген екі азық-түлік дүкенінің иелері заң талаптарын елемей, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру қорытындысы бойынша олар ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша жауапқа тартылды. Бұл бапта айыппұл салу және лицензияның қолданылуын тоқтату қарастырылған. «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында үш күн ішінде өңірде осындай 12 дерек тіркелді. Бұл кәсіпкерлер мен дүкен қызметкерлері тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді, — делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар түнгі рейдтер барысында полиция қызметкерлері ересектердің қарауынсыз көшеде және ойын-сауық орындарында жүрген 88 жасөспірімді анықтады. Олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне балаларды тәрбиелеу және бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік материалдар толтырылды.

Полицейлер кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға, ал ата-аналарды балалардың бос уақытын бақылауға көбірек көңіл бөлуге шақырды.

Осыған дейін Көкшетауда балабақша маңындағы апатты жағдайда тұрған көпір құлағанын жазған едік.