Көкшетауда жекеменшік фирма базасында индустриалдық аймақ құрылмақ

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласындағы «Қамқор-Автосервис» ЖШС өңірдегі шағын және орта бизнес үшін донор болуға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық кәсіпкерлік палатасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, өңірде кәсіпкерлік саласының дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жекеменшік индустриалдық аймағын құруды қолға алып отыр. Мұндағы мақсат шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген бағамен ұсынылатын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген өндірістік алаңдар табу.

Осы орайда, шағын және орта бизнес үшін донор болуға лайық «Қамқор-Автосервис» ЖШС-на таңдау түсіп отыр.

«Қазіргі кезде бұл кәсіпорынмен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Серіктестік жалға алаң ұсынуға дайын. Осымен қатар, біз жалға алушыларды іздестіріп жатырмыз. Осы күні біраз кәсіпкерлер біздің ұсынысымызды қолға алып отыр. Біздің мұндай қадамға баруымызға көптеген адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуға өндірістік алаңдардың жоқтығы туралы түскен өтініштері себеп болды», - дейді Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жанна Байқоңырова.

Кезінде «Қамқор-Автосервис» ЖШС автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін және сатумен айналысатын өңірдегі ірі компаниялардың бірі саналады. Бүгінде кәсіпорынның мыңдаған шаршы метр өндірістік алаңдары бос тұр. Сондықтан, серіктестік басшылығы бос алаңдарды жалға беруге дайын.

«Біз өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жекеменшік индустриалдық аймақ құруды жоспарлап отырмыз. Өндірістік алаңдағы орындарды жалға жеңілдетілген бағамен ұсынамыз. Біздің өндірістік алаңның артықшылығы, ол Көкшетау қаласының көліктік логистикасы дамыған жерінде орналасуында болып отыр. Алаңда теміржол, автожол және коммуникацияның барлық жүйесі тартылған. Бұл шағын және орта бизнес өкілдері үшін ұтымды», - дейді серіктестік директоры Сәкен Тәңірқұлов.

Бұл өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолға алып отырған жалғыз ғана жоба емес, алдағы уақытта Целиноград ауданында «Асыл түлік» ЖШС базасында да осындай индустриалдық аймақ құру жоспарда бар.

Соңғы жаңалықтар