Көкшетауда жоғалып кеткен әйелді іздеу жұмыстары екі аптадан бері жалғасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетауда із-түзсіз жоғалған 48 жастағы әйелді іздеу жұмыстары екі аптадан бері жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ақмола облысы полиция департаменті.

Фото: Ақмола облысы ПД

Полицияның мәліметінше, Марал Құттыбайқызы Әбуова 12 маусым күні үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен. Содан бері туыстарымен байланысқа шықпаған. Үйінде оны жұбайы мен кәмелетке толмаған екі баласы күтіп отыр.

Іздестіріліп жатқан әйелдің бойы шамамен 170 см, дене бітімі арықша, шашы қара, көзі қоңыр. Жоғалған күні үстінде ақшыл түсті көйлек болған.

«Өтініш түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп, туыстары, таныстары және ықтимал куәгерлерден жауап алынды. Алдын ала мәлімет бойынша, іздеудегі әйелге ұқсас адам Бурабай курорттық аймағында байқалған», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары Бурабайға келген тұрғындар мен туристерден мұқият болуды сұрады.

Полиция Марал Құттыбайқызы Әбуованың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды 102 нөміріне немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарласуға шақырды.

Айта кетейік, Ақмола облысында даладан табылған баланың жағдайы белгілі болды.