Көкшетауда жылу беру маусымы басталды (ФОТО)

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласындағы барлық әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бүгін облыс орталығындағы білім, мәдениет және денсаулық сақтау тәрізді барлығы 174 әлеуметтік нысанға жылу берілді. Қазіргі кезде, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді де қосу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні олардың саны 788-ге жетеді.

«Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорны басшысының міндетін атқарушы Сергей Жуковтың айтуынша, биылғы жылы облыс орталығында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары ойдағыдай сапалы әрі уақытылы аяқталып отыр.

«Краснояр және Станционный кентіндегі жылу қазандықтары іске қосылды. Сонымен қатар, 200 метр магистральды жылу желісі және 4 шақырым кварталішілік құбырлар жаңартылды. 22 насос стансасына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Көкшетаудағы жылу қазандығының балансында тұрған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қоса алғанда, 2621 тұтынушы тіркелген», - дейді С.Жуков.

Коммуналдық кәсіпорын басшысының атап өтуінше, барлық жылу көздері қажетті көмір және мазутпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, «Богатырь Көмір» ЖШС көмірді жеткізу бойынша кесте белгіленіп, келісімшарт жасалған.

Соңғы жаңалықтар