Көкшетаудағы кәсіпорында жұмысшы қайтыс болды

Фото: Kazinform

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетаудағы кәсіпорында жұмыс істеген ер адам биіктіктен құлап, алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

14 шілдеде жедел жәрдем станциясының фельдшері полицияға қала кәсіпорындарының бірінде болған жазатайым оқиға туралы хабарлаған.

- Сырлау жұмыстарын жүргізген 54 жастағы ер адам астындағы баспалдақ сынғаннан кейін биіктіктен құлады. Жұмысшы басынан алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, - деп хабарлады Ақмола облысы ПД.

Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекторы тексеріс жүргізеді.

Айта кетейік, Ақтөбеде локомотив депосының аумағындағы оқиғадан соң екі жұмысшы мерт болды.