Өңірдің осындай ауқымды жарысты өткізу үшін таңдалуы Ақмола облысындағы спорт инфрақұрылымының қарқынды дамуымен байланысты. Тек өткен жылдың өзінде өңірде 13 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Спартакиаданың негізгі алаңы болатын заманауи Kokshe Arena кешені халықаралық стандарттарға толық сай келеді және ең жоғары деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиада 2022 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұған дейін жарысты Петропавл, Талдықорған, Ақтөбе және Өскемен қалалары қабылдаған болатын. Биыл бұл мәртебелі спорт додасын өткізу құқығы алғаш рет Ақмола облысына берілді.
Ауқымды додаға Қазақстанның барлық 17 облысынан, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан құралған командалар қатысады. Мемлекеттік қызметшілер спорттың 10 түрі бойынша бақ сынайды. Атап айтқанда:
• футзал;
• волейбол;
• 3×3 баскетбол;
• тоғызқұмалақ;
• шахмат;
• қазақ күресі;
• үстел теннисі;
• жүзу;
• үлкен теннис;
• киберспорт.
Айта кетейік, үлкен теннис пен киберспорт Спартакиада тарихында алғаш рет ресми жарыс бағдарламасына енгізіліп отыр.
Жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру және қатысушылардың көптігін ескере отырып, Көкшетау қаласының жетекші спорт нысандары жұмылдырылады:
• Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешені;
• «Оқжетпес» орталық стадионы және «Бурабай» спорт сарайы;
• жеңіл атлетика манежі мен мамандандырылған теннис орталығы;
• № 3 және № 7 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің базалары;
• № 20 мектеп-гимназиясының спорт кешені.
Республикалық спартакиада тек адал спорттық бәсекенің алаңы ғана емес, сонымен қатар өңіраралық кәсіби байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал ететін маңызды алаң болмақ.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетаудағы «Көкше-Арена» базасында мемлекеттік аудиторлар арасындағы республикалық спартакиаданың солтүстік аймақтық кезеңі басталғанын жазғанбыз.