Көкшетаудағы ұзын-сонар кезек: Әкім жағдайды бақылауына алды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетаудағы автобуста тегін жүру картасын үйлестіру жұмыстарын жеке бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 қарашадан бастап Көкшетауда қалаішілік бағыттағы автобуста жүру ақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілді.

Алайда, төлем карталарына тұрғындардың барлығы бірдей қол жеткізген жоқ. Жеңілдіктері бар көкшетаулықтар автобуста тегін жүру картасын алу үшін ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр.

Осыған байланысты аймақ басшысы Е.Маржықпаев Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде болып, жағдаймен танысып және бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.

«Kokshe Bus Tolem» ЖШС көліктік картаны тіркеу және беру жүргізіп жатқан Көкшетау қалалық жұмыспен қамту бөлімінде болдым. Алдағы аптаның дүйсенбісінен бастап, «Kokshe Bus Tolem» ЖШС көліктік картаны басып шығаратын қосымша 5 принтер жұмысын қамтамасыз етеді. Мәселе, жеке бақылауыма алынды», - деп жазады Ермек Маржықпаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетсек, көліктік карталарды үлестірумен айналысатын «Kokshe Bus Tolem» ЖШС-нің мамандарының айтуынша, бастапқыда 1,5 мың адам автобуста тегін жүру мүмкіндігін алуы тиіс болса, кейін қалалық мәслихат депутаттары жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар азаматтар санаттарын 13-тен 15-ке дейін көбейтті. Яғни, 9 мың адам автобуста тегін жүру картасын алуы керек. Жеңілдетілген көлік карталарын аталмыш санаттағы тұрғындарға үлестіру жұмыстарының кешігіп, ұзын сонар кезектің болуына да осы себеп болып отыр.