Көкшетаудың екі айдағы өндіріс көлемі 8,9 млрд. теңгені құрады - қала әкімі

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың алғашқы екі айында Көкшетау қаласындағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 8,9 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш облыстағы өндірістің 20 пайызын құрайды. Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Жарқын Жұмағұлов БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен қаланың 2013 жылғы әлеуметтік- экономикалық дамуының қорытындысы мен алдағы жоспарлары жөніндегі баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Ж.Жұмағұловтың айтуынша, өндіріс көлемінің артуы негізінен қаладағы ірі кәсіпорындардың өңдеу көлемінің артуымен байланысты. Бұл салада негізінен машинақұрылысы (18 пайыз), сусын (24 пайыз), азық-түлік өндірісі (24 пайыз) құрап отыр. Өнеркәсіптік кәсіпорындарының бәсекелестігін және тимділігін арттыру инвестициясалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде Индустрияландыру картасы аясында қала бойынша 3 жоба үйлестіру кеңесінің отырысында қолдау тапқан. Атап айтсақ, олар «Регионстрой» ЖШС (үй құрылысы), «Agro Trading-2007» ЖШС (құрама жем зауытының құрылысы), «Көкшетау жолдары» ЖШС( жиналмалы- монолитті конструкциялар құрылысы).