Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне облыс орталығының тұрғыны Көкшетау қаласының аумағында есірткі заттарын өткізумен айналысатыны туралы хабар түскен.
«Күдікті «Қарасора-2022» республикалық жедел алдын алу шарасы барысында Көкшетау қаласына кіреберіс жолда қолға түсті. Облыс орталығының 44 жастағы тұрғынының автокөлігін тінту кезінде жолаушылар отыратын артқы орындықтан үш полиэтилен пакетке оралған жалпы салмағы 2 келі 768 грамм гашиш есірткі заты салынған спорттық сөмке табылды. Оған қоса электрондық таразылар тәркіленді», - деді департаменттен.
Қазіргі уақытта полицейлер есірткі затын сатып алу орнын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр.
«Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі «Өткізу мақсатынсыз есірткі заттарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтерімен заңсыз жұмыс істеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп толықтырды баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмолаға оңтүстік өңірден марихуананың ірі партиясын жеткізуші ұсталған еді.