Көкшетаулық боксшы Украинадағы халықаралық турнирде жеңімпаз атанды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаулық спортшы халықаралық бокс турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлады облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінен.

«Украинаның Бердичев қаласында ағайында Кличконың құрметіне жастар арасында бокстан халықаралық турнир өтті. Оған 14 елден барған спортшылар қатысты.   

Қазақстан құрамасы сапында 52  келі салмақта қолғап түйістірген көкшетаулық Оразбек Асылқұлов алтын медальға қол жеткізді. Көкшетаудағы Қажымұқан атындағы №3 облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің тәрбиеленушісі Оразбек Беларусь, Армения және Украина боксшыларын айқын басымдықпен жеңді.

Жалпы, командалық есепте Қазақстан құрамасы 2 алтын және 4 қола медальмен екінші орыннан көрінді.

Қазіргі кезде, Оразбек алдағы 17-26 қараша күндері Санкт-Петербор қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындығын бастап кетті», делінген хабарламада.