Көкшетаулық студенттер электромобиль құрастырып шығарды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы колледж студенттері 2,5 айдың ішінде күн сәулесінен қуаты алатын бір кісілік шағын электромобиль құрастырып шығарған. Бұл туралы аталмыш білім мекемесінің автомехник мамандығы бөлімінің меңгерушісі Бақтияр Қоңырбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, экологиялық жағынан таза әрі жанармай шығындамайтын көлік сағатына 10 шақырым жылдамдықпен 2 шақырым қашықтыққа дейін жүріп өте алады. Бұл көліктің өзгелерден басты ерекшелігі күннің көзінен қуат алатындығында болып отыр. Яғни әдеттегі қозғалтқыштың орнында мұнда электр моторы орнатылған. Ол көліктің алдыңғы маңдайындағы тақталар арқылы күн сәулесінің қуатын аккумуляторға жинайды. Соның көмегімен көлік қозғалады.

«Бастама 2016 жылы дүниеге келді. Бұл Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңы болатын. Көрме бізді шабыт берді. Көрмеге өз үлестерін қосу мақсатында бір топ студент баламалы энергия көзін қолданатын көлікті жасауға кірісті. Нәтижесінде 2,5 айдың ішінде алғашқы электромобильді құрастырып шығардық», - дейді Бақтияр Қоңырбаев.

Қолдан құрастырылған электромобиль қарапайым. Қаңқасы полиэтиллен құбырларынан жасалған. Оған электромотор мен күн энергиясынан қуатын алатын панель орналастырылған. Панель Қытайдан сатып алынған. Жобаның құны 50 мың теңге тұрады. Қазргі кезде, білім ордасының студенттері жобаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс істеуде.

«Әзірге, электромобиль өндірісі туралы ойланып жатқан жоқпыз. Бұл көлікті мүмкіндігі шектеулі жандар ғана қолдана алады. Келешекте, қозғалтқышының қуатын арттыру жоспарда бар. Ол үшін инвестиция қажет. Егер ондай мүмкіндік болып жатса, Көкшетау қаласы мен Бурабай кентінде электромобильдерді қуаттайтын арнайы станса ашу жобасын да жүзеге асыру ойда бар», - дейді Бақтияр Қоңырбаев.