Көкшетаулық жастар қариялар мен мүгедектерге қайырымдылық көмегін көрсетуде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - "Жас Отан" жастар қанатының Ақмола облыстық филиалының "Еріктілер мектебі" және "Жас саясаткерлер" клубының белсенділері зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған "Ардагерлерді ардақтайық" атты жобаны жүзеге асыруда.

Оның аясында зейнеткер және мүгедек Алма Жүсіпованың отбасысына да қайырымдылық көмегі көрсетілді.

"Біздің көмегімізге мұқтаж жандар жайлы "Кеңес орталығы" арқылы білеміз. Осында зейнеткер және мүгедек Алма Жүсіпованың үйіне жөндеу жұмыстары қажет екенін естіп білдік. Дереу алты адамнан тұратын "Жас Отан" ЖҚ белсенділерін жинап, бірер сағаттың ішінде қарияға көмек көрсеттік", - дейді еріктілер мектебінің үйлестірушісі Сұлтанбек Бекешев.

Сонымен қатар бұл күні "жасотандықтар" зейнеткерге қысқа отын әзірлеуге де көмек қолын созды.

"Осыншама балалардың келгеніне таң қалып, көңілім босап қалды. Жастар барлық жұмысты ұқыпты,таза әрі жылдам істеп берді. Мен сияқты зейнеткерге көмек көрсетіп жүрген осындай балаларды тәрбиелеген ата-аналарына алғысым шексіз", - дейді Алма Жүсіпова.