Көкшетаулықтар Конституция күнін атап өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға облыстың құрметті азаматтары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, шығармашылық және ғылыми интелегенция, қоғамдық ұйымдар, депутаттар корпусы және жастар қатысты.

Жиналған қауым алдында аймақ басшысы Мәлік Мырзалин сөз сөйлеп, Конституция күні мерекесімен құттықтады.

«Қазақстан Конституциясы - бұл заңмен бекітілген ұлттық идея. Егеменді еліміздің барлық жеткен жетістіктері Конституциямыз бен соны негізге ала отырып дайындалған заңдар арқылы келді», -деді әкім.

Сонымен қатар, аймақ басшысы бүгінгі таңда еліміз Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында, жаңа белестерді бағындыру жолында дамудың биіктеріне бағдар ұстағанын да атап өтті.

Жиналғандардың назарына Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қалыптасу жолдары,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мемлекетін құрудағы басты рөлі мен заманауи Астананың даму кезеңдері туралы «Назначенный временем» атты екі сериалы деректі фильм ұсынылды. Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Көкшетау гуманитарлық-техникалық мектеп-лицейінің директоры Наталья Дементьева фильмнен алған әсерімен бөлісті.