Көкшетаулықтар «Мәңгі алау» мемориалына гүл шоқтарын қойды

None
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 9-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін барша көкшетаулықтар Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірге Жеңістің 64 жылдығына орай «Мәңгі алау» мемориалына гүл шоқтарын қойып, майданда қаза болғандарға тағзым етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алау жанында «Ұлы жеңіс - Ұлы мамыр» митингісіне жиналғандарды құттықтаған облыс әкімі Альберт Рау қатардағы қарттарға, барша жұртшылыққа бейбітшілік пен табысты еңбек тілеп, атқан әр күніміздің шаттыққа толы болуына тілектестігін білдірді. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына 85 мыңнан астам ақмолалық аттанса, қазірде арамызда олардың 867-сі ғана бүгінгі мерекенің куәсі болып отыр. Қан майданда 15018 боздақ қаза тапса, 12801-і хабарсыз кеткен. Ал 2840 адам госпитальдарда ауыр жарақаттардан көз жұмып, 2005-і тұтынға түсіп қайтыс болды. Ақмолада 310-шы, 387-ші, 29-шы атқыштар дивизиясы, 106-шы қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы жасақталып, майдандағы ұрыстарға қатысты. Майданда ерлікпен көзге түскен 47 ақмолалық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ал Талғат Бигелдинов бұл құрметке екі мәрте ие болған. Бүгінде олардың есімдері Мәңгі алау жанындағы мәрмәр тасқа қашалық жазылған. Салтанатты шара «Тәуелсіздік» алаңында бой түзеген дала дәмханасында жалғасты. Майдангерлер сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлік пен табандылықты еске алды, бүгінгі бейбіт өмірді әңгіме арқауына айналдырды.