Көкшетаулықтар «Нұрлы жол» мембағдарламасының қызығын көруде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- "Көкшетау жылу" коммуналдық шаруашылығы "Нұрлы жол" мембағдарламасын сәтті жүзеге асыруда.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченко мəлімет етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде 2015 жылдан бастап, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде облыс орталығының іргесіндегі Красный Яр кентінде жүзеге асырылған құны 898,1 миллион теңге тұратын блокты-модульді қазандық пен Қопа көлінің жағасымен тартылған құны 1832 миллион теңге инженерлік желі бар. Қазіргі кезде қос нысан пайдалануға беріліп, жұмыс істеуде.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған  қазандық қазіргі заманғы технология бойынша салынған.  Түтін шығатын екі мұржа, 3 сумен жылытатын, 3 су жылытқыш қазандық, жылу желісі, көмір және дизельді электростансы орнатылған.

«Қазандықты іске қосу жылу беру маусымы кезінде 23 көппәтерлі тұрғын үйді, 12 заңды, 6 әлеуметтік-мәдени нысанды жəне 8 мың абонентті жылумен жабдықтауға мүмкіндік берді», - деді В.Радченко.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Қопа көлінің жағасымен тартылған жаңа жылу желісі абоненттердің 10 пайыздан астамын сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.