Көктал ауылының тұрғындары жаңа нысанның салынуына қарсы - Алматы облысы

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорған қаласына қарасты Көктал ауылының халқы жаңа нысанның салынуына қарсы.  Көктал ауылының оңтүстігінде қиыршық тас шығаратын зауыт бар.

Ал шығысында сүт шығаратын зауыт. Бірінің тарсылдаған дауысынан, екіншісінен шығатын борсыған иістен халық мезі болғандарын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді жаңадан салынатын нысан тіптен жүріп-тұруымызды шектейді, дейді көкталдықтар. Қазірдің өзінде жерді қоршауға алған иесі олардың бұған дейін жүрген жолдарын жапқан. Ал тұрғындар  жаңадан салынатын нысанның астында су құбыры жатқанын айтады. Тіпті  бұған дейін арасы алшақ орналасқан  жоғары вольтті электр бағаналарын бір-біріне жақындатып тастады, дейді.

"Мен өзім электр желілерінің маманымын. Жоғары вольтті электр бағаналарының арасы қазір екі-ақ метр. Бұған дейін олардың ара қашықтығы кемінде 15 метрдей болған. Бұны  осыншама жақындатып тастауға кім рұқсат берді? Жанында үйлер тұр. Ертең жел соғып құласа, біздің қауіпсіздігімізге кім жауап береді? Қоршауға алынған жердің астында су құбыры жатыр. Ертең апат болса, не істейміз? Тіпті бізге бұл жерде не салынатынын ешкім анықтап  айтпады", дейді Көктал ауылының тұрғыны Бекбатыр Нүрпейісов. 



Ал әкімдіктегілер жаңадан қоршауға алынған аймақта кеңсе және темір-бетон шығаратын зауыт салынатын айтты. Нысан  екі жыл ішінде салынып аяқталуы тиіс. Бірақ, әкімдіктегілер халықтың наразылығын бұған дейін естімедік деп отыр.

"Осы күнге дейін ешқандай бір адам әкімшілікке келіп, арыз-шағыммен жүгінген емес. Жаңа нысанның салынуына халықтың қарсылық білдіріп жатқанын бірінші рет естіп тұрмын.  Енді осындай туындап жатса, біз әрине комиссиямен шығамыз. Қалалық мекемелермен бірге шығып, тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Қалыпқа келтіреміз", дейді Талдықорған қаласына қарасты   Еркін ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы  Қанат Рысбеков.

Сондай-ақ халық, сүт өнімдерін шығаратын зауыттан шығып жатқан қалдық судың борсыған иісінен де шаршағандарын  айтады.  Алайда, әкімдіктегілер  бұл жайттан да хабарсыз болып шықты. Тексереміз деп шектелді.