Көктайғақ: Қарағанды облысының жолдарына 150 полицей тартылды

Фото: ІІМ

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Ауа райының күрт нашарлауына байланысты өңірдегі жол-көлік ахуалы ерекше бақылауға алынды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қауіпті учаскелерге жедел ден қою мақсатында құқық қорғау органдары патрульдеу жұмыстарын күшейтті.

Жаңбыр жауып, көктайғақ болуына байланысты Қарағанды облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды.

Полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып, облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жағдайын үздіксіз бақылауда ұстап отыр.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 70 патрульдік экипаж және шамамен 150 полиция қызметкері тартылған. Олар жолдағы жағдайды бақылап, қозғалысқа қатысушыларды қауіпті учаскелер жөнінде алдын ала ескертеді, сондай-ақ қажетті жағдайда жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге көмек көрсетеді.

Анықталған проблемалық жол учаскелері туралы мәліметтер тиісті шаралар қабылдау және апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында жедел түрде «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамына жолданады.

Полиция облыс тұрғындарын жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, ауа райы жағдайларын ескеруге, қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдауға және арақашықтықты ұстануға шақырады.

— Қолайсыз ауа райы жағдайында жол қозғалысына қатысушылардан барынша мұқият болу талап етіледі, — деді Қарағанды облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов.

Осыған дейін 10 ақпанда елдегі қай жолдарда қозғалыс шектелгені туралы жазған едік.