Көктайғақ: Семейде екінші ауысымдағы 0-9 сыныптар мектепке бармайды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында екінші ауысымдағы 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқитын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейде 20 желтоқсанда ауа райының нашарлауына, нақты айтқанда көктайғаққа байланысты екінші ауысымдағы 0-9 сынып оқушылары онлайн форматта оқитын болды.

«Таңертең қаладағы 9 сыныпқа дейінгі оқушылар сабақты қашықтан оқыған. Сондай-ақ көктайғақ салдарынан Курчатов қаласындағы 0-11 сынып оқушылары да мектепке бармады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін көктайғақ пен қар аралас жаңбыр жаууына байланысты «Семей-Курчатов» тасжолының жабылғандығы хабарланған болатын.