«Көктем-2012» командалық-штабтық оқу-жаттығу БҚО-да да өтеді

ОРАЛ. 12 наурыз. ҚазАқпарат - 15-16 наурыз аралығында ҚР Төтенше жағдайлар министрінің жалпы басшылығымен «Көктем-2012» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу болмақ.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарланғандай, аталмыш шара болуы мүмкін су тасқынының зардаптарын жою кезіндегі құтқару және басқа жедел жұмыстарды ширату мақсатында ұйымдастырылып отыр.

БҚО-дағы оқу-жаттығуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев басшылық етпек. Бірлесіп әрекет жасау мақсатында шараға Ресей Федерациясының Орынбор облысынан төтенше жағдай қызметінің өкілдері шақырылды.

Шара барысында төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысы болып, Орал қаласының жедел жасағы, облыстық суда құтқару қызметі және басқаларының дайындығы пысықталады. Шаған су қоймасының тасқынға әзірлігі тексеріліп, іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, апатты жағдайда ғимараттан көшіру жаттығулары жасалады.