«Көктем-2022»: Ақмола облысында көктемгі су тасқынына дайындық пысықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында көктемгі су тасқынына дайындық шараларын пысықтау мақсатында «Көктем-2022» респбуликалық оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің көктемгі кезеңнің ықтимал төтенше жағдайларына әзірлігіне тексеру жүргізілді. Өңірдегі маңызды мәселелердің бірі көктемгі су тасқынына дайындық болып табылады. Аймақта су тасқынына қарсы іс-шаралар өткен жылдың жазынан басталды. Қазіргі таңда тұрғын үй аулаларындағы қарды тазалау, бөгеттерді нығайту және басқа да іс-шаралар жүргізілуде.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, Аршалы ауданы облыстық штабты орналастыру орны болып белгіленді.

«Соңғы жылдары көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайлар осы ауданда жиі тіркеліп отыр. Жібек жолы ауылында азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйесінің тәжірибелік іс - қимылдарын пысықтау жүргізілуде», - деді спикер.

Жоспарға сәйкес, оқу-жаттығу барысында елді мекендердегі, ғимараттар мен құрылыстардың шатырларындағы қар мен мұзды тазалау жұмыстары, сондай-ақ арықтарды, арналарды, автомобиль және теміржол көпірлерінің су өткізу құрылыстарын тазалау және сең жүру мен тасқын суларды өткізуге дайындау, зардап шеккен халықты уақытша орналастыру орындарының (эвакуациялық пункттердің) әзірлігі пысықталды.

Айта кетсек, екі күн бойы өткен «Көктем-2022» респбуликалық оқу-жаттығуы барысында облыс бойынша барлығы 14 облыстық азаматтық қорғау қызметі, сондай-ақ жеке құрамы 308 адам және 133 бірлік техникасы бар 218 құрылым дайындыққа келтірілді.