«Көктем басталғалы республикалық автожолдарында 66 су басу фактісі тіркелді. Бүгінгі Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстарындағы 5 жолдың жалпы ұзындығы 980 метр болатын учаскелер (Омбы-Майқапшағай, Подстепное-Федоровка, Қарағанды-Аягөз-Бұғаз, Қызылорда-Павлодар, Мариновка ауылына кіреберіс) су асытнда қалып отыр. Осыған байланысты жалпы ұзындығы 410 шақырым болатын 6 жолда қозғалыс шектелді. Қауіпті участелер мен жасанды құрылыстар тәулік бойы бақылауға алынған», - деді министр.
Марат Қарабаев жол бойындағы өткелдер мен суағарға мол көлемдегі ағын сыймағандықтан жол төсеніштерін мәжбүрлі бұзу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.
«Биыл 28 наурызда Ақтөбе облысы Самара-Шымкент жолының учаскесінде Ырғыз өзені арқылы өтетін көпірдің кіре берісін су шайып кетті. Жол тәулік ішінде қалпына келтіріліп, қозғалыс қамтамасыз етілді. 30 наурызда Қарағанды облысы Бастау-Ақтау-Теміртау жолының Нұра станциясы аймағында орналасқан елді мекенді сақтау үшін жол төсемі мәжбүрлі бұзылды. Су деңгейі төмендегеннен кейін жолдың бұл бөлігі қалпына келтіріледі. Ақтөбе облысында Қандыағаш-Ембі және Солтүстік Қазақстан облысында Көкшетау-Омбы жолдарының учаскелерінде жол төсеміне аздаған зақым тіркеліп, оларды жою бойынша жедел шаралар қабылданды», - деді ведомство басшысы.