«Көктем шуағымен» оңтүстік жұртшылығы Наурыз мерекесін тойлауға кірісіп кетті

None
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат- Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А. Мырзахметов бекіткен Наурыз мейрамын тойлау жоспарының алғашқы күні «Көктем шуағы» деп аталады. Бүгін оңтүстік жұртшылығы осынау мерекені бастап кетті.

Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Еске салсақ, қазақ халқының ескі жыл санауы бойынша көктем осы кезде келеді деп есептелген. Еліміздің батыс өңірлерінде бұл күні «көрісу» амалы жасалады. Шығыста «амал көже», «тілеу көже» әзірленеді. Көне аңыздарда Түркілер осы күні Алтайдағы Ергенекөн аңғарынан сыртқа шығуды бастапты. Наурыз мейрамы туралы көне жазбаларда да бұл күні адамдардың бір-біріне сәлем бере барғаны айтылады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурызнама» атты еңбегінде Ұлыстың ұлы күніне арналған той осы күннен басталғанын, Төле бидің заманында Оңтүстіктегі қазақтың наурызнамасына ешкімнің теңесе алмағандығын жазады.

«Наурыз мейрамның алғашқы күнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов бастаған топ Шымкенттегі «Ардагерлер үйінде» болып, асыл ардагерлерді көктемнің келуімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Мәдениет қызметкерлері мерекелік концерт ұйымдастырып, ардагерлердің көңілін бір серпілтіп тастады. Қартын қазынаға балаған ұлттың ұрпақтары осы шара арқылы жас буынды көңілі дария қарияларымызды құрметтеуге, ақ батасын алуға үгіттейді, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ортақ мақсат мүддесіне жетелейтін елдікті, ауызбірлікті бекемдейді», - делінген баспасөз баянында.