Атқарушы билік дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне WBC, WBA, IBF, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің есімін беру туралы шешім қабылдаған.
Бүгін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Ол жерде ауыр атлетика залы, баскетбол, волейбол мен шағын-футболға арналған әмбебап спорт залы, 25 метрлік бассейн мен бокс залы орналасатын болады.
«Нысанды пайдалануға берер кезде жаттықтырушылардың барлық ескертпелері мен тілектерін есепке алуды тапсырамын. Сондай-ақ, барлық спорт залдарының халықаралық стандарттар мен талаптарға сай болуын жүктеймін. Бұл жерде түрлі деңгейдегі сайыстар өткізілетін болады», - деп мәлімдеді Асылбек Дүйсебаев
Сондай-ақ, Дүйсебаев құрылыс жұмыстарын сапалы әрі жылдам жүргізуді тапсырды.
Аталмыш нысан «Спорт нысандарын дамыту» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда. Оның құрылыс жұмыстарына облыстық және қалалық бюджеттің қаржылары кезең-кезеңімен бөлінуде.
Спорт кешенінің ашылуы ағымдағы жылдың көктеміне жоспарлануда. Өткен жылдың қыркүйек айында құрылыс алаңына боксшы Геннадий Головкин келген еді. Ол құрылысшыларға спорт кешеніне келушілердің жағдайын жасауға және жаттығуларын ойдағыдай өткізу үшін бірқатар талап-тілектерін атап өтті.