Көктемде Қашаған кен орнында мұнай өндіру тоқтайды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Көктемде Атырау облысында, Каспий теңізінің Қазақстан секторында орналасқан Қашаған кен орнынан мұнай өндіру тоқтатылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«2019 жылы көктемде «Болашақ» мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысына техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеуден өткізу үшін жұмыс тоқтатылады. Бұл мұндай ірі өндіріс орындары үшін қалыпты жағдай. Кез келген зауыт профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін тоқтатылады. Қондырғылар тексеріліп, кейбірі алмастырылады. Бұл шамамен бірнеше аптаға созылады. Құбырларды алмастыру жоспарымызда жоқ», - деп мәлімдеді НКОК компаниясының корпоративтік қолдау жөніндегі директоры Балтабай Қуанышев «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне.

Б. Қуанышевтың айтуынша, Қашаған теңіз кен орны іске қосылған 2016 жылдың қыркүйегінен бері 16 миллион тонна мұнай өндіріліп, тұтынушыларға жіберіген.

Айта кетейік, «Болашақ» мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысы Атыраудан 30 шақырым жердегі Қарабатанда орналасқан. Мұнай оған Каспий теңізіндегі «Д» жасанды аралынан құбырлар арқылы келеді.