16:03, 08 Сәуір 2009
«Көктемді қондырып қанатына, құс қайтып оралды Алматыма...» деп аталатын концерт өтеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда сәуірдің 25-і күні Республика сарайында «Көктемді қондырып қанатына, құс қайтып оралды Алматыма...» деп аталатын ән кеші өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазір күннен-күнге табиғат өзгеріп, еліміздегі құстар саны азайып бара жатыр. Сондықтан құстарға қамқорлықпен қарап, оған жұртшылықтың назарын аударуымыз керек. Мәселен, әншілер өз тарапынан құстарға арналған әндер арқылы халықтың махаббатын оятуды алдымызға мақсат етіп қойып отыр», дейді ән кешін ұйымдастырушы Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының басшысы, сазгер Қалдыбек Құрмәнәлі. Бұл шараға Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова, Гүлнәр Сиқымбаева, Гүлмира Ақүрпекова, Ақылбек Жеменей, Айгүл Қосанова, Саят Медеуов, Дана Маханбаева, Асқар Жүнісбеков және тағы басқа өнер жұлдыздары қатыспақ. Онда әншілер өз репертуарындағы құстың 10-15 түріне арналған әйгілі шығармаларды орындайды деп жоспарланып отыр. Қ. Құрмәнәлінің айтуынша, бұл жоба сәтті өтетін болса, күзде «Құстар қайтып барады» деген атпен тағы бір ән кеші ұйымдастырылмақ.