Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінім қабылдау жалғасады
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық астық операторы Үкіметтің тапсырмасы бойынша 2026 жылға арналған форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыруға ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өтінімдерін қабылдауды жалғастырады. Осы мақсаттарға шамамен 40 млрд теңге бағытталатын болады. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Мемлекеттік қолдау шарасы шағын және орта фермерлерге де, ірі агроөнеркәсіптік кешендерге де қолданылады.
Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы аясында жоғары маржиналды дақылдар өндірісін ынталандыруға баса назар аударылады. Жаңа аграрлық маусымда жүгері өсіруге маманданған шаруашылықтарға аванс беру қарастырылған.
Форвардтық келісімшарттардың талаптары бойынша Азық-түлік корпорациясы көктемгі егіс науқаны басталғанға дейін ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шоттарына алдын ала төлем жүргізеді, бұл фермерлерге дала жұмыстарын жүргізуге алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.
Егін жинап, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлттық оператордың ресурстарына жеткізгеннен кейін аграршылар нарықта қалыптасқан бағаларға байланысты астық үшін қосымша ақы ала алады.
Дәстүрлі түрде өсімдік өнімдеріне сатып алу бағасы күзде белгіленеді.
2026 жылға арналған ауыл шаруашылығы өндірушілеріне алдын ала төлем мөлшері ҚҚС есебімен:
- жұмсақ және қатты бидай — 60 000 теңге/тонна
- арпа — 50 000 теңге/тонна
- жүгері — 50 000 теңге/тонна
- күнбағыс — 100 000 теңге/тонна
- майлы зығыр және рапс тұқымдары — 100 000 теңге/тонна.
Қаржыландыруды әділ бөлу мақсатында ауыл шаруашылығы өндірушілерінен форвардтық келісімшарттар жасасуға арналған барлық өтінімдер облыс әкімдіктері жанындағы үйлестіру кеңестеріне бекітуге жіберіледі.
Форвардтық сатып алу шарттары бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдері:
— бидай, арпа, жүгеріні жеткізу кезінде — 2026 жылғы 02 қарашаға дейін, қоса алғанда;
— күнбағыс, майлы зығыр және рапс тұқымдарын жеткізу кезінде — 2026 жылғы 16 қарашаға дейін, қоса алғанда.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу EXW («франко-завод») шарттарында жүзеге асырылады.
Айта кетейік, астық экспорттаушылар жаңа өнімін ерте жөнелтсе, 2026 жылы субсидия алады.