Көктемгі егістікке дайындық: елде тұқымды жаппай тексеру жүріп жатыр

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Тұқым дайындау толық көлемде қамтамасыз етіліп, 2,3 млн тоннаны құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті. 

— Егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу үшін құны нарықтық бағадан 15% төмен болатын 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Шаруаларды тұқыммен қамтамасыз ету және оны себудің сапасын тексеру мониторингіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыс әкімдіктерінің мәліметі бойынша тұқым дайындау толық көлемде қамтамасыз етіліп, 2,3 млн тонна болды. Бүгінде 1,6 млн тонна тұқымның сапасына сараптама жүргізілді, оның нәтижесінде тұқымның 99%-ы кондициялық болып танылып, себу стандартының бірінші және екінші сыныптарына сәйкес келеді, — деді Айдарбек Сапаров.

Оның айтуынша, тұқымды жаппай тексеру сәуір айының ортасына дейін аяқталады. Тұқым сапасын қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдаудың рөлі ерекше. 15 ақпаннан бастап тұқымды субсидиялаудың жаңа тетігі күшіне енді, ол отандық тұқым шаруашылығы субъектілерін қолдауға бағытталған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектар болды.