«Көктемгі егіс науқанына дайынбыз ба?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 11 сәуір, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Елбасымен бірге - жаңа жеңістерге» атты жастар форумы өтті. Жастар үшін маңызға ие форум басталғаннан кейін алғашқы сөз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Елбасымен бірге - жаңа жеңістерге» атты мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, Елбасы бұрын тиімсіз мемлекеттер айтарлықтай ұзақ өмір сүре алатынына тоқтала келе, бүгінде бәсекелестікке дайын емес экономикалардың санаулы жылдар ішінде күйреп түсуі мүмкін екеніне назар аударды. «Тарих екі түрлі бағаны ғана біледі - не ұттың, не ұтылдың. Сондықтан, мемлекет сіздерге даму үшін барлық жағдайлар жасады, тіпті, одан да артық десе де болады. Өзіңнің талантың мен еңбегіңнің арқасында жақсы оқудың, өзіңнің мансап жолыңды таңдай білудің, қоғамда өз орныңды таба білудің маңызы өте зор. Ешкім де, ең дамыған елдің бірде-бірінде де өзімізден басқа, біреулер келіп бізді әл-ауқатты жасамайды. Сондықтан да, біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрып, Еңбек Адамын бірінші кезекке шығарудамыз», - деді Президент.

«Кеше «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Онда әлеуметтік жауапкершілікпен бірге өзге де бірқатар мәселелер талқыланды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Күрделі мәселелерге мән берілді» деген тақырыптағы мақаласында. Вице-премьер Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік жауапкершілікке қатысты дайындаған тұжырымдамасына жақсы баға бере келіп, бұл игі шаралар Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасының арқасында жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Сондықтан, әлеуметтік мәселелерді Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және кәсіпорындардың басшысы үнемі бірлесе шешулері керек екенін айтты. Сөйтіп, қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде бар жұмыс орындарын сақтаумен қатар, жаңа қызмет орындарын ашу аса маңызды екеніне айрықша тоқталды. Сондай-ақ, өмір ағысындағы түрлі жағдайда жұмысшыларды әлеуметтік қамсыздандыру аса маңызды екенін шегеледі.

***

«Егер Еуразиялық экономикалық одаққа ортақ валюта қажет пе, деген сұраққа жауап бере қалсақ, ол қажет дер едік. Бірақ ол қажеттіліктің келетін кезі болады», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, одаққа біріккен елдер арасында ортақ валютаның болуы табиғи заңдылық. Бірақ ол үшін ең алдымен екі сұраныс өмірден орын алуы тиіс: Одаққа мемлекеттердің тауар айналымының өсімі соншалықты молайып, ол үшін есеп айырысуға ұлттық валюталар массасының жетіспеушілігі орын алатын жағдай, Одаққа біріккен мемлекеттердің экономикалық дамуы мен халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тең дәрежеде болуы. «Ортақ валюта туралы әңгіме болғанда кейбіреулер оны «құбыжық» ретінде көрсеткісі келетіндей. Айталық, «рубль ортақ валюта болады екен» деушілер шығып жүр. Біріншіден, рубль ешқашан да ортақ валюта болмайды. Бұған Ресейдің өзі бармайды. Егер ол жолға түсе қалса, «сорлайтын» басқа емес, Ресейдің өзі болады. Сондықтан жаңадан өмірге келетін ортақ валюта еш мемлекеттік билікке бағынбайтын, тек интеграциялық одақтың ортақ мүддесіне қызмет ететін, бағамы консенсустық негізде бірлесіп шешілетін мүлде жаңа айырбас құралы болары сөзсіз. Бәлкім, Еуразиялық экономикалық одақтың авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың о баста ұсынғанындай ол валюта «Алтын» деп аталар», - деп жазады автор. Мақала «Ортақ валютаға алаңдамайық» деген тақырыппен берілген.

«Айқын» газетінің жазуынша, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров биыл 21,5 млн. гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары себілетінін мәлімдеді. Оның 18,5 млн гектарын осы көктемгі егістік кезінде пайдаланбақ. «Егіс жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникалары да дайын тұр. Республика бойынша 154 мың трактор, 90 мың дәнсепкіш, 334 мың топырақ өңдеу құралы, 5 мың бүріккіш, 3,4 мың заманауи жоғары өнімді себу кешені жұмылдырылмақ. Бұлар көк¬темгі егіс науқанына сақадай сай. Диқандар да көктемгі егіс науқанына дайын. Көк¬темгі дала жұмыстарын жүргізу мақ¬сатында ша-руаларға 60 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие бөлінді. Ал өткен жылы ди-қандарға бөлінген несие 20 млрд теңге ғана болатын. Аталған қаражат несие түрінде екінші деңгейлі банктер, Азық-түлік келі¬сімшарт және Аграрлық несие корпорациялары арқылы бөлінеді», - делінген «Көктемгі егіс науқанына дайынбыз ба?» деген тақырыптағы мақалада.

***

«Шымкентте 9 сыныпта оқитын 2 қызды зорлады деген күдікпен 3 жігіт ұсталды», - деп жазады «Экспресс К» газеті сенбілік санындағы «Гормональный сдвиг» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, олар қыздарды ұрлап әкетіп, бірнеше күн бойы жыныстық құлдықта ұстаған. 15 жастағы қыздар сабақтан кейін жоғалып кеткен. Олардың туыстары полицияға жүгінгенімен, құқық қорғаушылар арыз жазу үшін үш күн күте тұру керектігін айтқан. Осыдан кейін қыздардың ата-аналары өз беттерінше іздеуге кіріскен. Олар жоғалған оқушыларға ұқсас 2 қызды үш жігіттің таксиге отырғызғанын анықтаған. Дәл осы сәт көше бойындағы камераға жазылған. Сол арқылы такси жүргізушісін, ал одан кейін күдіктілерді тауып алған. Қыздардың туыстары тапқан ақпараттар полцияға күдіктілерді ұстауға септігін тигізді. Бірақ бұл уақытта қыздар тұтқыннан қашып шыққан еді. Оларды қала саябағында қан тамырларын кесіп тастап жатқан жерлерінен тауып алды.