Көктемгі егіс науқанында тұқым тапшылығы 30 мың тоннадан асып отыр - Ауыл шаруашылығы министрі

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Көктемгі егіс науқанында тұқым тапшылығы 30 мың тоннадан асып отыр.

Үкімет отырысында көктемгі егіс науқаны бойынша баяндама жасаған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлім етті.

Облыстардың мәліметтеріне қарағанда, тұқыммен қамтамасыз етілу деңгейі 98,9 пайызды құраған. «Тұқым тапшылығы 32,4 мың тонна көлемінде. Оның ішінде Ақтөбе облысында 8,3 мың тонна, Батыс Қазақстан облысында 4,8 мың тонна және Қостанай облысында 19,3 тонна жетіспейді»,-деді министр.

Атап айтқанда, 9,3 мың тонна көлеміндегі тұқым бұл облыстардың ресурстары есебінен толықтырылады. Ал, қалған 23,1 мың тонна мемлекеттік тұқым ресурстарынан қамтамасыз етілмек.

Қазіргі кезде Азық-түлік корпорациясына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан 21 мың тонна көлеміндегі тұқымды мемлекеттік ресурстан бөлу туралы 20 өтінім келіп түскен.

А. Мамытбековтың сөзіне қарағанда, бүгінде жергілікті жерлерде тұқымдардың сапасын тексеру жұмыстары жалғасуда.