Көктемгі егіс уақытында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жеткізілетін дизельдік отын бағасы 62 теңгеден аспауы тиіс - Ө. Шөкеев

АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Көктемгі егіс уақытында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жеткізілетін дизельдік отын бағасы 62 теңгеден аспауы тиіс, деді бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен «Өңір» депутаттық тобының отырысында вице-премьер Өмірзақ Шөкеев,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Облыс әкімдерінің мәліметтері бойынша, 2010 жылы республикадағы барлық түрдегі ауыл шаруашылығы дақылдарын егу алаңы 22,1 млн. гектарды құрайды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 1 млн. гектарға артық. Ал 2010 жылы көктемгі егіс жұмыстары уақытында дизельдік отынға сұраныс республика бойынша 336,2 мың тоннаны құрайды. Бұл жеткізушілермен толық қамтамасыз етілетін мөлшер. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ағымдағы жылғы наурыздың 1-інен мамырдың 31-іне дейін дизельдік отынның бағасы бекітілді. Ол бойынша мұнай өңдеу базасынан жеткізушілер дизель отынын литріне 55 теңгеден артық бағаға алмайды. Ал ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дизельдік отынды сатудың түпкі бағасы 62 теңгеден (литріне) асып кетпеуі тиіс», деді Ө. Шөкеев.

Оның айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін ауқымды қолдау болып табылады.