Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағыттарын субсидиялау тақырыбына арналған үкіметтік сағат отырысы болды

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенатында палата төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен «Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басым бағыттарын субсидиялау мәселелері» тақырыбына арналған үкіметтік сағат отырысы болды,

деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті ұйымдастырған бұл шараға Сенат депутаттары, Президент Әкімшілігі, Үкімет өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ басшылары қатысты.

Үкіметтік сағат отырысын ашқан Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге тоқтала келіп, талқылауға ұсынылған мәселелердің көкейкестілігін атап өтті.

М.Көпеевтің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қажетті құқықтық база қалыптасты, мемлекеттік қолдау шаралары агроөнәркәсіп кешенін нығайта түсіп, оның орнықты дамуы үшін сенімді тұғыр болып отыр.

«Соңғы тоғыз жыл аралығында республикалық бюджеттің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 790 миллиард теңге, ал жергілікті бюджеттерден - 250 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл орасан зор қаражат»,-деп атап өтті төраға орынбасары.

М.Көпеев агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз жаңа ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға, оның бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға, отандық нарықты өз өнімдерімізбен толтыруға ықпал ететін жаңа қадамдар мен инновациялық технологияларды енгізуіміз керек деп атап өтті.

Осыған байланысты төраға орынбасары 2014 жылы агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі екі есе өсуге, ішкі нарықта азық-түлік тауарлары 80 пайызға қамтамасыз етілуге, экспорттық әлеует 2015 жылы 4 пайыздан 8 пайызға дейін ұлғаюы тиіс екенін еске салды.

Отырыста көктемгі егіс жұмыстарын уақытында қаржыландыру және агроөнеркәсіп кешенінің басым салаларын субсидиялау үшін қабылданған шаралар туралы ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев және «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ басқарма басшысы А.Мамытбеков депутаттарға баяндады.

Үкіметтік сағаттағы сала басшыларының есебі барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау шараларына, несие ресурстарымен уақытында қамтамасыз ету, төмен бағалы жанар-жағар майға қол жеткізуге қатысты депутаттар қойған сауалдарға жауап берілді.