Көктемгі егіске 380 мың тонна жанар-жағармай бөлінді

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Энергетика министрлігінің мақұлдауымен биыл егін салу жұмыстарына 380 мың тонна жанар-жағармай бөлінді (2018 жылы 375 мың тонна). Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан облысында өткен көшпелі баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егістік алқабының кеңеюіне байланысты аймақтарға қосымша 5 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Энергетика министрлігінің мақұлдауымен осы жылдың наурыз және маусым айларында отынды аймақтарға жеткізу кестесі жасалды. 2016 жылы жанар-жағармай бағаларына мемлекеттік реттеудің алынып тасталғанын ескере отырып, Энергетика министрлігі ресурс ұстаушылармен жыл сайын нарыққа сай бекітілген бөлшекті бағаны белгілейді», - деді Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Оның айтуына қарағанда, Энергетика министрлігі МӨЗ-ден босатылатын жанар-жағармайдың 1 литрінің құнын 160 теңге (193 мың тоннаның) көлемінде белгілеген. Жеткізілу шығыны ескеріле отырып, өңірлерде оның литрі 176 теңге болатыны болжануда. Бұл, нарықтағы бағадан 10 пайызға арзан екенін айта кету керек.

Нұрбек Бадырақов өз сөзінде облыс әкімдіктері қазірге дейін жанар-жағармай бойынша операторларды белгілеп қойғанын мәлім етті.

Жоспар бойынша наурыз айында 111 мың тоннаның келісімі бекітіліп қойған. 107,2 мың тоннаның ақшасы төленген. 70,1 мың тонна жанар-жағармай тиелген.