Көктемгі егіске арзан бағамен жеткізілетін 354 мың тонна жағармайдың 290 тоннасының құны төленді

АНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Көктемгі егіс науқанында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзан бағамен жеткізілетін 354 мың тонна жағармайдың 290 тоннасының құны төленді.

Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков айтты.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде көктемгі егіс науқаны жұмыстары аясында тұқым және басқа да қажеттіліктер бойынша туындап отырған мәселелер жоқ. Осы орайда ол еліміздің оңтүстік өңірлерінде егін егу шаралары жүріп жатқандығын, ал солтүстік аумақтардағы жұмыстар енді басталатынын жеткізді.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде аталған жанар-жағармайды жеткізу үрдісі бекітілген тәртіп бойынша атқарылуда. Атап айтқанда, бұған дейін кейбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде жеңілдікті несиелеу үшін айланымдағы қаржысы мен банктік кепілдікті алудағы мүмкіндіктері болған жоқ еді. Осы орайда А. Мамытбеков өткен апталарда банктік кепілдемені алуға қауқары жоқ ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның кепілдігімен қаржыландыру шешімі жасалғанын атап өтті. Бұл шаралардың нәтижесінде төлемдер операторларға уақытылы жеткізілгендіктен жағармайды жеткізу көлемі айтарлықтай арта түсті. Осыған сәйкес көктемгі егіске арналған жағармайды жөнелтуді мұнай өңдеу зауыттары арттырды.