Көктемгі егістік жұмыстары кезінде дизельді отынның бағасы 68-69 теңгеден аспайтын болады - АШМ

АНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Биылғы егістік жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өндірушілерге жеткізілетін дизельді отынның бағасы 68-69 теңгеден аспайтын болады.

Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде көктемгі егістікке дайындық жұмыстары бойынша есеп берген Жер шаруашылығы және фитосанитарлық қауіпсіздік департаментінің директоры Анна Буць мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылық саласы алдағы егістік жұмыстарына техникалық жағынан 90 пайызға дайын. «Осы саладағы өнім өндірушілерді наурыз, сәуір және мамыр айларында арзандатылған дизельті отынмен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Барлық тасымалдау шығындарын есептегенде, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өндірушілерге жеткізілетін дизельді отынның бір литрі 68-69 теңгеден аспайтын болады», - дейді А.Буць.

Департамент директоры атап көрсеткендей, бүгінде арзандатылған дизельді отынмен қамтамасыз ету жұмысы баяу жүргізілуде. Сол себепті әкімдіктер нақты жұмыс кестелерін құрып, отандық өнім өндірушілерді 69 теңгеден аспайтын дизельді отынмен қамтамасыз етудің нақты іс-шараларын қолға алуы тиіс.

Жалпы, қазіргі кезде егістік алқаптарына қажетті тұқым түрлерінің 98 пайызы бар. Тапшылық тек Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында ғана байқалады.