Көктемгі су тасқыны: ШҚО-да 108 эвакуациялық пункт әзірленді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов көктемгі су тасқыны кезеңінің бүгінгі ахуалы бойынша жиналыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауа температурасының көтерілуіне және су айдындарында мұздың еруіне байланысты өңірде су тасқынына қарсы қарқынды шаралар жалғасуда. Бүгінгі таңда 564 мың текше метр қар шығарылған. Жедел штаб өкілдері 3779 автокөлік жолындағы, 160 теміржолдағы су өткізу құрылыстарын, 575 көпірді, 689 арық пен каналды тазартты. 2412 техника, 377 мотопомпа және 108 эвакопункт дайындалған.

«Су басу қаупі бар 19 елді мекен үшін уақытша орналастыру пункттері қарастырылған. Сондай-ақ Алтай ауданында 32, Катонқарағай ауданында 21, Бесқарағай ауданында 13, Глубокое ауданында 30 мотопомпа әзірленді. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері 109,6 мың дана ыдыс-қап, 15,5 мың тонна инертті материал, 532 тонна ЖЖМ дайындады», – дейді ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерлан Нұрпейісов.

Оның айтуынша, 31 наурызда жер тоңы Күршім ауданында 150 см, Катонқарағай ауданында 147 см, Бесқарағай ауданында 124 см, Зайсан ауданында 120 см, Бородулиха ауданында 110 см және Алтай ауданында 119 см деңгейде.

Өз кезегінде аймақ басшысы Даниал Ахметов аудан әкімдеріне су тасқыны қаупі бар барлық елді мекендерді қайта аралап, жағдайды баяндауды тапсырды.

«Жағдай күрделі. Күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатқанын көріп отырмын. Орынбасарым Бақытжан Байахметовке және ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерлан Нұрпейісовке қажетті техникалық ресурстарды Катонқарағай, Бесқарағай, Глубокое, Көкпекті және Алтай аудандарына жіберу үшін ТЖД жергілікті атқарушы органдарының күштер резервін қалыптастыруды тапсырамын. Егер қажеттілік туындаған жағдайда, жарты сағат ішінде су басқан аумаққа қарай жіберу керек», - деп қорытындылады ШҚО әкімі.