«Көктөбе» телеорталығы аумағында демалыс және спорт саябағы салынады

None
АЛМАТЫ. 3 шілде. ҚазАқпарат - «Көктөбе» телеорталығының аумағын барынша ұтымды пайдаланған жөн. Қала әкімі Ахметжан Есімов кеше  телеорталықта  болған кезде осылай айтты.

Шаһар басшысының сөзіне қарағанда, мұнда болашақта демалыс және спорт ландшафты саябағы жасалмақ. Жобамен танысқан А. Смағұлұлы: «бұл бір жағынан туристердің демалуына қолайлы және ұтымды, екінші жағынан сәулет кешеніне еш нұқсан келмейді», - деді. Ахметжан Есімов екі жыл бұрын телемұнараны туризм нысаны  ретінде пайдалану жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Ағымдағы жылдың наурыз айында Көлік және коммуникация министрімен тиісті келісімшартқа қол қойылды. Онда телеорталықты жаңалау, техникалық ғимараттың сыртқы келбетін жаңарту, ландшафттық аймақ құру, туристік мақсаттарға пайдаланылатын бөлмелерді қайта жасау сияқты маңызды істер қамтылған.

Қайта құру  жоспарының бас жобалаушысы - Қазақстан дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов. Саябақта Алматының табиғи мұражайы, сауық-сайран орталығы, балалар мен жасөспірімдер алаңы, киноорталық, аттракциондар, салтанат залы, Қазақстан халықтарының мәдени орталықтарының галереялары болады деп жоспарлануда.