Желіде Көктөбенің жоғарғы станциясына дейін көлікпен жүру бағасына шағымданған әйелдің видеосы тарады.
«Бұл масқара, ұят жағдай. Мына жерден өткенде кішкентай әріппен жазылған жазу тұр, ол дұрыс көрінбейді. Қараңыздар, 7 мың және 200 теңге айырмашылық бар (Омаров, 41 мекенжайындағы паркингке кіру – ред.). Егер айырмашылығы 10 есе, құны 2000 теңге болса түсінер едім. Бірақ, бұл 7 мың теңгеге не істейсіздер? Күніне бұл жерден кем дегенде 200 көлік өтеді. Бұл ақшаны не істейсіздер сонда?» деп шағымданды Алматы тұрғыны.
«Көктөбе» әкімшілігі 1 мамырдан бастап паркингке кіру құны өскенін хабарлады.
«Бұрын құны 5 мың теңге болған, қазір 7 мың теңгеге өсті. Сондай-ақ, прайсқа сәйкес паркингке (төменгі станция) кіру құны - 500 теңге, парк аумағына мопед немесе мотоциклмен кіру құны – 1500 теңге, микроавтобуспен кіру – 15-25 мың теңге арасында» делінеді хабарламада.
Айта кетейік, «Көктөбе» демалыс саябағы Алматы қаласының символының бірі саналады. Ол теңіз деңгейінен 1100 метр биікте орналасқан.