Қоқыс полигонындағы өрт өршіп барады - ШҚО

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында өрт сөндірушілер қоқыс полигонындағы өртпен кешеден бері арпалысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт сөндірушілер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қоқыс полигонындағы өртті сөндіре алмай жатыр.

«Өрт 26 сәуірде сағат 12.00 шамасында басталған. Қазіргі уақытта тілсіз жаудың жалпы аумағы 800 шаршы метрге дейін жеткен. Құтқарушылар арнайы техникалармен сол жерде тәулік бойы жұмыс істеуде. Оқиға орнына барлығы 30 адам мен 9 техника жұмылдырылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Төбе боп үйілген қоқыс пен жел жаңадан өрт ошақтарын тудырып, сөндіруді қиындатуда. Алдын ала мәлімет бойынша жалынның шығуына – қасақана өрт қою немесе отты абайсыз пайдалану себеп болуы мүмкін.