Қоқыстан қолтырауын табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Санкт-Петербург қаласында аула сыпырушылар ұзындығы жарты метр болатын Ніл қолтырауынының баласын тауып алған. Бұл туралы lenta.ru жазады.

Коммуналдық шаруашылық қызметкерлері кішкентай қолтырауынды құм себілген жәшікке салып, су беріп, сиыр етімен тамақтандырған.

Ленинград зообағының қызметкерлері қаланың коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінен қолтырауынды қалай күтіп ұстау керектігі жайлы ақыл-кеңестерін аямаса да, оны өздеріне қабылдаудан бас тартқан. Олар мұны бұл жануардың ұзындығы 3-4 метрге дейін жетіп,тым ұзын болып өсетіндігімен, сондықтан оны күтіп-баптап ұстаудың қиындығымен түсіндірген.

Әзірге бала қолтырауын қаланы абаттандыру жөніндегі бас директордың кеңсесін мекен етіп жатыр.

Мамандардың айтуынша, қолтырауынның жарық дүниеге келгеніне небәрі 3-4 күн ғана болған. Оны алып келген адам қолтырауынның жұмыртқасын түйеқұстың жұмыртқасымен шатастырып алса керек.