Ауылдық коругтің әкімі Дәуітбек Ниязбеков қақпанмен қасқыр аулап жүрген жігіттің Тарбағатай ауданы Ахметбұлақта тұратынын айтты. Оқиға Ахметбұлақтың сыртындағы қыстауда болған. Қасқыр туралы видеоны телефонға түсірген жігіттің аты-жөні Мақсат Байбазаров. Әкесі Дәлелбек Байбазаровпен бірге аталған қыстауда мал бағады.
«Мақсаттың өзі видеода айтқандай, қыстауға келгелі қорасынан алты қой мен бір тайды итқұс жеп кеткен. «Мал ашуы - жан ашуы» дегендей, қақпандағы қасқырды сол үшін соғып алған», - дейді әкім.
Әкімнің айтуынша бұл аймақ Қытаймен шекарада жатқандықтан, ауыл тұрғындарына мылтықпен ұзақ шығуға тыйым салынған. Итқұстың қыстауларға жиі шабуылдап, малға ауыз салуының бір себебі осында жатса керек.
«Ахметбұлақ аулы шекараға жақын орналасқандықтан, қыстауларға рұқсат арқылы ғана шығамыз. Ол жаққа мылтықпен өткізбейді. Қыстауда бір-бірінен алшақ орналасқан 40-қа жуық қора бар. Қора иелерінің ешқайсында мылтық жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қыстаудағы малдан бұрын малшыға қауіп төнуі мүмкін. Топтасып келсе, қарусыз адамды да жаралайды ғой, - дейді Дәуітбек Ниязбеков.
Көкжалды қолмен соғып алған жігітпен хабарласудың сәті түспеді. Округ әкімі оның қыстауында ұялы байланыс жоқ екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін өңірдің бірнеше ауданында қасқыр шабуылы жиілегенін жазған болатынбыз.