Көкжөтел азайғанымен, науқастардың 91%-ы — вакцина алмаған бала

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері көкжөтелмен ауыру былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда шамамен 10%-ға төмендеді.

Фото: gemotest.ru

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері елде көкжөтелдің 250 жағдайы тіркелген. Олардың 91%-ы — бес жасқа дейінгі вакцина алмаған бала.

Мамандардың айтуынша, сырқаттанушылықтың төмендеуіне балаларды жоспарлы және қосымша вакцинациялау да әсер етіп отыр.

2026 жылдың жеті айында көкжөтелге қарсы жоспарлы екпені 361 мыңнан астам бала алған. Оның ішінде бір жасқа дейінгі 102 мың, бір жастағы 91,5 мың және алты жастағы 167,5 мың бала бар.

Вакцина алған балалар арасында екпеден кейінгі қолайсыз реакциялар тіркелмеген.

Сонымен қатар белгіленген мерзімде түрлі себеппен вакцина алмаған балалар мен жасөспірімдерге қосымша иммундау жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі 107,5 мың бала мен жасөспірім қосымша вакцинацияланған.

Еске салайық, бұған дейін СҚО-да көкжөтелмен ауыру шамамен алты есе төмендегенін жазғанбыз.