Қол бастаған батырлардың жалғасы
Шүкір, олардың қатары бүгін де сирей қойған жоқ. Қолына қылыш алып, жауға шаппады демесек, Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде олар да ел қорғау, әскер басқару ісінде ерекше ерліктерімен көзге түсіп, қалың көпшіліктің сый -құрметіне бөлене білді. Қазақ халқының маңдайына біткен осындай қайсар ұлдарының бірі бүгінде Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарып жүрген белгілі тұлға - Мұхтар Алтынбаев.
Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев 1945 жылдың желтоқсан айының 10-ында Қарағанды қаласында дүниеге келген. Әкесі осы қаладағы №12 шахтаның директоры, ал анасы бала тәрбиесі мен үй шаруасындағы әйел болған. Алғаш еңбек жолын 1962 жылы шахта жұмысшысы болып бастаған ол бұл жұмысын 1969 жылға дейін атқарған. Кейіннен оның өмір жолы қызығынан қиындығы мен машақаты мол, аса зор төзімділік пен батырлықты қажет ететін әскер саласымен байланысты.
Ол 1969 жылы Армавир әуе қорғанысы саласындағы ұшқыштардың жоғары училищесіне түседі. Оқуды сәтті аяқтай салысымен, Пермь қаласындағы жойғыш авиациялық полктің ұшқышы, звено командирі, эскадрилья командирі және осы полктің командирі қызметтерін атқарады. 1982 жылы генерал Г.К.Жуков атындағы Әскери командалық академиясының тыңдаушысы болған. Ал академияны тәмамдай салысымен, яғни 1985 жылы Түркістан әскери округінің әуе қорғанысы корпусы командирінің орынбасары, кейіннен дивизия командирі қызметін атқарған.
Мұхтар Алтынбаев еліміз егемендігін алғаннан кейінгі жылдары Қазақстан әскерінің қалыптасуына, еліміздің қорғаныс жүйесінің нығаюына зор үлес қосқан азаматтардың бірі. Қазақстан әскерінің бүгінгі жетістігі М.Алтынбаевтың есімімен байланысты десек те еш қателеспейміз. Өйткені ол еліміз енді ғана тәуелсіздігін алып, болашағы әлі бұлыңғыр жас мемлекеттің аяғынан тік тұруына тікелей демеу болған азаматтардың бірі. Ол еліміздің ең бір қиын-қыстау, яғни өтпелі кезеңдерінде мемлекет қалыптастыру ісіне қатысып, Елбасының сенімін ақтай білген жан. Оның әскери ерліктері мен басқарушылық қасиеттері жөнінде осы уақытта бірсыпыра еңбектер де жазылып үлгерді. Мысалы, еліміздің басты басылымдарының бірі «Егемен Қазақстан» газетінде жазған мақаласында Ержұман Смайыл мырза М.Алтынбаевтың қасиеттеріне байланысты былай дейді: «Сырттай қарағанда өте сұсты, естіп-білуімізше, тапсырмалардың орындалуын талап етуде айрықша қатал, Қарулы Күштер түрлері мен аймақ қолбасшыларын, тіпті өз орынбасарларына дейін, былайша айтқанда, "шыжғырып" алғанымен, артында зіл сақтамайтын министрдің бастан-аяқ әскеришілдігі мен адами қатынастағы қарапайымдылығы тәнті етіп еді. Әкесі Қапаш Жезқазған маңының тумасы болғанымен, 30-шы жылдары Қарағандыға қоныс аударып, қалған ғұмырын көмір кәсіпшілігімен байланыстырыпты. Қара танымайтын жігіт еті тірілігінің арқасында көзге түсіп, шахта жөніндегі оқуға жіберілгендердің қатарына ілігеді. Сталино (қазіргі Донецк) қаласы мен Сталинградты шатастырған жеті қарағандылық әзер дегенде шахталар қаласына жетіп, сонда екі-үш жыл оқиды, шахтада тәжірибеден өтеді. Қарағандыға білікті шахтер болып оралған Қапаш жерасты жұмысшысынан учаске бастығы, кейін шахта директорына дейін өседі.
Қалай дегенде де сол кездің қалыбы бар, бұған қоса әкесінің қарапайым еңбек адамы қатарынан шыққандығы бар және Мұхтардың бүкіл балалық шағы өтіп, бозбала кезін қалыптастыруға Қарағандының жұмысшы ауданы саналған Киров ауданының ықпалы бар, ол қарапайым әрі достыққа адал, еңбекке бейім әрі техникаға үйір болып өседі. Әкесін айрықша құрметтегенінен болар, мектеп бітірісімен ешқандай оқуға бармады, әулет жолын жалғастыру мақсатымен шахтада жұмыс істеуге кірісті. Оның зор тұлғасының одан әрі шымырланып, шыңдала түскені де осы тұс. Бірақ жеті қат жер астында жүрсе де оны аспан әлемі тарта берді. Бұған себеп те жоқ емес еді. Мектеп бітірмей жатып-ақ аэроклубқа оқуға қабылданған Мұхтар оныншы сыныпта ДОСААФ ұшақтарымен үнемі ұшатын болды. Мектепте жақсы оқитындар қатарында саналса, аэроклубта үнемі үздіктер санатында жүрді. Отбасындағы үлкен Алтынбаевтардың - әкесі мен ағасының (Мұхаңның тағы қарындасы және інісі бар) "Мына еңгезердей қалпыңмен сенен қандай ұшқыш шығады?" деп айнытқандарына қарамастан, өз дегенінде тұрды. "Жалпы Алтынбаевтар әулетінің мүшелеріне көздеген мақсатқа қалайда жету тән қасиет" дегенді Мұхтар Қапашұлы ерекше мақтанышпен айтады. Мұхаң өзі бірінші сыныптан бірге оқып, достасқан Гүлбану Рахымбайқызына өмір бойы адал болып, 18 жасында үйленгені де, 43 жылдан бері екеуі жұптарын жазбай келе жатқаны да сондықтан шығар. Өзінің ұлы Мүсілім алдымен әскери боламын дегенде, кейіннен Ставрополье ұшқыштар училищесін бітіріп, Заполярьеге қызметке сұранғанында таңданыс білдірсе де бетінен қақпағаны содан болар.
Бала Мұхтардың бойында аспан төрінде самғасам деген арманның қалыптасуына соғыс жылдарындағы кеңестік ұшқыштар туралы фильмдердің, Батыр жерлесі Нүркен Әбдіровтің, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің көзсіз ерліктері әсер еткен болуы керек. Бірақ Мұхаңның өзі ондай үлкен ұғымдарды қолдануға жоқ. "Кім білсін ненің әсер еткенін, әйтеуір ұшқыш болсам деген бір тілектің жетегінде кеттік", дейді. Әр мамандықтың өз қызығы мен қиындығы болатындығы анық қой. Алайда, ұшқыш дегендер айрықша жаратылған адамдар сияқты. Қалыптасқан ұшқыштардың есіл-дерті ұшу болады да тұрады дейді бұл мамандықтың иелері. Олар үшін ең басты жаза да - ұшудан шеттету. Мұның бәрін Алтынбаев та 1969 жылы әскер қатарына біржолата алынып, алдағы ғұмырының қалай болары анықталған кезден бастап бастан кешкен. Аспанға көтеріліп, өзінің алып денесін сезінбестен, ұшақпен ұштасып, аспанмен астасып кеткенде бәрі де ұмытылатын, қызмет бабымен жылына төрт-бес қаланы ауыстырып, пәтерсіз жүргені де, әйелінің сонау Қарағандыдан анда-санда қатынап тұратыны да, кішкентай Мүсілімге әке тәрбиесінің қажеттігі де естен шығатын - ойда тек тапсырманы орындау міндеті қалады. Алғашқы екі жылдай мерзімде ол әскери ұшақтардың, соның ішінде истребительдердің неше түрінде ұшуды меңгерді. Жауынгерлік кезекшіліктерде жүрді. Қызметтік лауазымы да өсе берді. 1972 жылы аға ұшқыштан авиациялық буынның командирлігіне көтерілді, содан кейін эскадрилья командирі, истребитель авиациясы полк командирінің ұшу дайындығы жөніндегі орынбасары болып жалғасып, 1979 жылдың желтоқсанында 34 жасар қазақ жігіті Урал әскери округі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс истребитель авиациясы полкінің командирі болып тағайындалды. Жас ұшқыштарды тәрбиелеу, жауапты жауынгерлік тапсырмаларды орындаумен қатар, жердегі қаншама шаруаны шешуге тура келгені түсінікті ғой. "Ашығын айтқанда, ұшқыштар аспанда демалады", дейтіні де осыған байланысты болса керек.
Әрине, ол кездегі алып Одақта Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің авиация полктері аз болмағаны белгілі. Сонымен бірге әскери қызметтің құпиялық жағы да жоқ емес, әйтпесе сол тұста полковник Алтынбаев басқарған полктің КСРО-дағы ең үздік полк болғанын білуіміз керек еді. Жалпы, Мұхтар Алтынбаевтың өмірінде былайғы жұрт біле бермейтін жәйттер көп. Қорғаныс министрінің АҚШ-тан алынған "Хаммер" әскери мәшинесін қалай жүйткітетінін теледидардан көргеніміз бар. Америкадан келген әскери ұшаққа мініп, кейбір жаттығу элементтерін жасағанын сол теледидар арқылы көргенде де мерейленіп қалғанбыз. Сөйтсек, білмейді екенбіз, мамандығы бойынша ұшқыш-снайпер Алтынбаевтың жетілдірілген соңғы тұрпаттағы "МиГ" және "Су" тектес истребительдердің барлық түрлерін шектеусіз басқаруға рұқсаты бар екен. Ол АҚШ авиациялық базаларының бірінде американың атақты "Ғ-16" истребителінде ұшу өнерін көрсеткен ТМД мемлекеттерінің тұңғыш ұшқышы болып табылады. Көп нәрсеге таңдана бермейтін АҚШ мамандарының өзі оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалапты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қорғаныс министрі, армия генералы Мұхтар Алтынбаевқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі - "Халық қаһарманы" атағын беріп, айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз және "Отан" орденін тапсыру туралы 2006 жылғы 6 мамырдағы Жарлығында келтірілген "жауынгерлік айбыны мен жеке ерлігі үшін" деген тіркесте жоғарыда айтылған әскери қызметінің қырларымен қатар жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде "МиГ-25"-тің бір двигателі істен шыққанда, "Ан-14" радиациялық барлау ұшағының винті істемей қалғанда соларды аман-есен қондырғаны да, министр лауазымында жүріп, қарамағындағы сардарлар мен сарбаздарға көрсеткен жеке басының өнегесі де ескерілген болар. 1985 жылы Маршал Жуков атындағы ӘШҚ Әскери командалық академиясын бітіргеннен кейінгі жеті жыл, Түркістан әскери округінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс дивизиясының командирі, содан кейін корпусының командирі секілді үлкен қолбасшылық қызметтер оның кейінгі өмірінде үлкен көмек болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мұхтар Қапашұлы елге оралып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен және тікелей бастамашылығымен де, басшылығымен де құрыла бастаған Қарулы Күштеріміздің қалыптасуына белсене атсалысты. 1992 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары - ӘШҚ әскерлерінің қолбасшысы, 1993 жылғы қарашада Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болса, 1996 жылдың қазанында Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Сол кезеңде Мемлекет басшысы бекіткен Әскери доктринаға сәйкес еліміздің Қарулы Күштерін заман талабына сай қайта жасақтау басталды».
Бұдан соң, яғни 2000 жылы ҚР Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы, 2001 жылы қайтадан Қорғаныс министрі болып тағайындалады. Ал 2007 жылдан бастап, Штаб бастықтары комитетінің төрағасы, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді. «Отан» және II дәрежелі Барыс ордендері мен «Мінсіз қызметі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» медальдары мен өзге де наградалардың иегері.