ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында гір спортынан және қол күресінен жасөспірімдер мен жастар, ерлер мен әйелдер арасында өткен ҚР чемпионатында батысқазақстандық спортшылар жүлделі ойындарға ие болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, гір спортынан 2001 жылғы және одан кіші жасөспірімдер арасында Жақсығали Бақтығалиев 73 келі салмақта және 1999-2000 жылғылар арасында Расул Төлеуов 78 келі салмақта күміс жүлдегер атанды.
Қол күресінен әйелдер арасында Кенжеқыз Қаупенова 65 кг, Әсел Жұмағамбетова 80 кг салмақта қола жүлдені иеленіп, Қырғызстанда, Ыстықкөлде 1-10 маусым аралығында өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.
Қол күресінен БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Мұрат Ибатовтың айтуынша, аталмыш чемпионат өте тартысты өтті. Мысалы, Шардараның өзінен 100-ден астам спортшы қатысып, олар абсолюттік салмақта алдарына жан салмады. Енді Алматы қаласында 13-17 наурыз аралығында жастар мен жасөспірімдер арасында Азия және әлем біріншілігіне баратындар іріктеледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).