Қол күресте күш сарқылғанда рух оянады – армрестлингтен әлем чемпионы

Фото: Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында тұратын Заңғар Ашиманов армрестлингтен әлем чемпионы атанып, өңірде бұл спорт түрінің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазір бапкерлік жолға бет бұрған оның шәкірттері жарыстардан жүлдесіз қайтпайды десек артық айтқандық емес. Kazinform тілшісі армрестлингтен Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен сұхбат құрған болатын.   

- Әңгімемізді бұл спорт түріне қалай келгеніңізден бастасақ…

- Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тумасымын. Аудан орталығындағы №3 мектеп-гимназиясында білім алдым. Бірде мейрам күні қарсаңында көшеде жарыс ұйымдастырылды. Сайысқа мені әкем ертіп апарды. Әлі баламын. Көп нәрсені түсініп тұрған жоқпын. Күрес қызып жатыр. Білекке жиналған ауылдың қара күшімен әйтеуір финалға жеттім. Қарсыласым облыс чемпионы екен. Сәті түсіп, оны да ұтып, бірінші орын алдым. Ары қарайғы бағытым осы кезде айқындалды.

Спортпен кәсіби түрде айналыса бастағандықтан босаңсып жүре алмадық. Содан шығар, ерте есейдім. Күн тәртібі сақталуы тиіс. Алда жарыстар күтіп тұратындықтан кей тамақтан бас тарттық, салмақ қуатын кездер де болады. Жас балаға мұның бәрін орындау қиын еді, сонда да тәртіпті екі етпедік.

- Неше жасыңызда спорт шебері атандыңыз?

- Жаттықтырушым Әділбек Баймұхамбетовтен тәлім алып, жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрдім. 11 сыныпта «Спорт шебері» нормативін орындадым. Ал С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да бірінші курста оқып жүргенде «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атандым. Әкем Тоқан Ашиманұлы мені үнемі қолдап, демеп жүрді. Кейбір атлеттер рекорд орнатып, есімін тарихқа алтын әріппен қалдырған спортшыларды үлгі етеді. Ал мен әркез әкемді мақтан тұтып, оның берген тәрбиесін азық қыламын.

2003 жылы Ресейдің Суздаль қаласында өткен Әлем чемпионатын ұттым. Ол кезде 63 келіге дейінгі салмақта бақ сынадым. Шыны керек, әкемнің қолдауынсыз жеңіп шығуым екіталай еді. Қашанда жанымда жүретін. Өкінішке қарай, қазір жанымда емес. Марқұм болып кетті.

- Сөз арасында кей тамақтан бас тарттық деп қалдыңыз. Сонда қандай диета ұстадыңыз?

- Қол күрес спортымен айналысатындар диетаға баса назар аударады. Ұннан әзірленетін тағамдар мен тәттілерден бас тартамыз. Жарыс уақыты таяса режимге көшеміз. Тамақ ішіп, оны азайтатын уақыттар белгіленеді. Салмағы асып кетсе, түсіруге арналған киімдерді киіп жүгіреміз. Дүбірлі додадағы сыннан бұрын, салмақ өлшеу деген сынақтан ойдағыдай өтуге тиіспіз. Одан кейін ұйқыны қандыру да аса маңызды.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Суздаль қаласындағы жарысты еске алсақ… Финалға қай елдің спортшысымен шықтыңыз?

- Финалда осетиялық, тегі Золоев деген мықтымен кездестім. Оның осал тұсын «қабырға» деп аталатын әдіс арқылы таптым. Негізі спортшылар қолданатын төрт тәсіл бар. Төрешілер бізді үш мәрте күш сынастырды. Үш ретте де жеңіп, оң қолмен алтын, сол қолмен күміс медаль иелендім.

Осы жарыс жадымда қаз-қалпы сақталған. Себебі, төрешілер құрамында сол Золоевтың ағасы отырды. Қапталда тұрып, қазылық етті. Ортадағы төрешілердің бірі Бразилия елінің өкілі. Содан Золоев күресті төреші белгісінен бұрын бастап кетеді. Әдетте бәрі «ready, go» деген пәрменді күтеді. Ал ол «ready» деп жатқанда кірісті. Өйткен адам психологиялық басымдық алады. Тағы 5 см басып жіберсе, жеңілгелі тұрмын. Сонда барлығы көз алдымнан өте шықты – тер төгіп жасаған жаттығулар, әуежайда шығарып салып тұрған ата-анам мен туыстарымның үміті. «Сол сенімді ақтай алмағаным ба?» деп ой түйіп үлгердім. Намыс жібермейді екен. Содан ұтылғалы тұрған жерімнен қолымды көтеріп, Золоевты қапы қалдырдым.

- Қазір қол күрестен әлемдік рейтингіде Қазақстан спортшылары нешінші орында тұр?

- Әлемде қол күрестен алдыңғы шепте тұрған посткеңестік үш мемлекетті атап өтуге болады. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан үздік. Оның ізін ала Ресей мен Грузия тұр. Бұдан бөлек, әр мемлекеттің екі-үш мықтысы бар. Түріктер де спортшыларына қамшы басқан. Осы спортта тек күш пен әдіс жеңіс әкелмеуі мүмкін. Бәрін басқаратын – жүректілік.

Көбі ойлайды, «шығып, күресе салады» деп. Күш сарқылғанда рух оянады. Жаһандық жарыс болса, барлығының дерлік айла-шарғысы қалыптасқан, осалы жоқ. Есіміңді атап, армрестлинг үстеліне шақырғанда, қобалжып, іштей «сынып» қалатындар аз емес. Қол күресте төрт әдіс болады деп жоғарыда айттым. Күш те, тәсіл де бар, жүрек жоқ болса, сол әдістердің бірі де көмектеспейді.

- Шәкірттеріңіз жолыңызды жалғап, биік белестерді бағындырып келеді. Осы ретте бапкерлігіңіз жайлы да сөз қозғасақ…

- Бапкерлікке 2009 жылы ауыстым. Осы уақыт аралығында тәлімімді көргендер арасынан 30-ға тарта «Спорт шеберлігіне үміткер», бір Халықаралық дәрежедегі спорт шебері шықты.

Дәл қазір залымда 10 «Спорт шеберлігіне үміткер» әзірлік жүргізіп жатыр. Биыл Дубайда өткен Азия чемпионатында екі шәкіртім: Төрежан Қазбеков пен Алдияр Құмарғазы тұғырдың ең биік сатысына жайғасты. Екеуі де 40 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, бірі оң қол, екіншісі сол қол бойынша топ жарды.

Бес Азия чемпионын, ересектер арасында Әлем чемпионаты жүлдегерін тәрбиеледім. Өзім жарысқа шықпасам да, жаттығуды үзбеймін. Бірақ кез келген оқыс қимыл ескі жарақаттарымның қайта асқынуына әкеліп соғуы мүмкін.

Армрестлингтің басқа спорт түрінен ерекшелігі – әр жастағы адам айналыса алады. Былайша айтқанда, үстел табылса болды – мықтыны анықтау тез-ақ. Алдымен кадеттер, сосын жасөспірімдер. Ары қарай жастар, ересектер, ал 40 жастан бастап ардагерлер өз мүмкіндіктерін көрсетеді. 

Мен негізінен жасөспірімдерді дайындаймын. Дегенмен шынығып, қол күреспен шұғылданамын деген әрбіріне білгенімді үйретуге әзірмін.

- Әңгімеңізге көп рахмет!