Қола дәуірі өркениеттерінің күйреуі Жер орбитасының өзгеруімен байланысты ма

АСТАНА. KAZINFORM – Швециялық климаттанушылардың зерттеуіне сәйкес, б.з.д. XII ғасырдағы қола дәуірі өркениеттерінің жаппай күйреуіне Жер орбитасы параметрлерінің біртіндеп өзгеруі себеп болуы мүмкін. Бұл өзгерістер Левант пен Балқан түбегіндегі климатты құрғатып, ұзаққа созылған қуаңшылыққа әкелген, деп хабарлайды ТАСС агенттігі .

Фото: ЖИ иллюстрациясы

– Зерттеу нәтижелері Таяу Шығыс өңірінің климаты Жер орбитасындағы болмашы, бірақ тұрақты өзгерістердің әсерінен мыңдаған жыл бойы біртіндеп құрғақ бола бастағанын көрсетті. Бұл өзгерістер Атлант мұхиты мен Жер атмосферасындағы қысқа мерзімді ауытқулармен қабаттасып, қола дәуіріндегі апат кезінде аса күшті қуаңшылықтардың туындауына себеп болды, – деді Стокгольм университетінің климаттанушысы Кэтрин Пауэр.

Ғалымдар көптен бері қола дәуірінің соңында Таяу Шығыс пен Жерорта теңізінің басқа өңірлеріндегі көптеген өркениеттің неліктен кенеттен күйрегенін анықтауға тырысып келеді. Бұған дейінгі археологиялық қазбалар мен тарихи деректер бұл құбылыстың климаттың өзгеруімен және бірнеше қуаңшылық кезеңімен байланысты екенін көрсеткен. Соның салдарынан крито-микен өркениеті мен Хетт патшалығы жойылып, Египет, Ассирия, Вавилон және Финикия мемлекеттері едәуір әлсіреген.

Алайда мұндай қуаңшылықтарға нақты не түрткі болғаны осы уақытқа дейін белгісіз еді. Осыған байланысты швед зерттеушілері б.з.д. VI мыңжылдықтан бүгінгі кезеңге дейінгі Шығыс Жерорта теңізі өңірінің климаттық өзгерістерін жан-жақты зерттеді. Ол үшін ғалымдар 8 мың жыл бұрынғы Еуропаның климаты туралы белгілі деректер негізінде Жердің компьютерлік моделін жасады.

Есептеулер қола дәуіріндегі апатқа бір ғана емес, бірнеше климаттық үрдіс қатар әсер еткенін көрсетті. Олардың барлығы Жер орбитасының параметрлеріндегі біртіндеп өзгерістермен байланысты болған. Соның салдарынан Солтүстік жарты шар жаз мезгілінде аз жылу алып, теңіз суы нашар қызған, ал тропиктерге ылғал жеткізетін муссондар әлсіреген. Бұған қоса, желдердің солтүстікке ығысуы Таяу Шығыста жауын-шашынның одан әрі азаюына ықпал еткен.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл өзгерістер Атлант мұхиты мен атмосферадағы ұзақ мерзімді климаттық ауытқуларды да өзгертіп, қолайсыз жағдайларда қуаңшылықтың күшеюіне әсер еткен. Соның нәтижесінде б.з.д. XII ғасыр бойы созылған өте күшті әрі ұзақ қуаңшылық қалыптасып, қола дәуірі өркениеттерінің күйреуіне және «теңіз халықтарының» ежелгі мемлекеттерге жаппай шабуыл жасауына ықпал еткен.

Бұған дейін Түркістан облысында қаңлы дәуіріне тиесілі Хань империясының айнасы табылғаны хабарлаған.